Жаңабаев Дүйсебай Жаңабайұлын 75 жас мерейтойымен құттықтаймыз!

15.06.2021


Д.Ж..jpgРадиобиология және радиациялық қорғау институты және Астана медицина университетінің ұжымы Институттың бас ғылыми қызметкері Жаңабаев Дүйсебай Жаңабайұлын 75 жылдығымен шын жүректен құттықтайды!

Дүйсебай Жаңабайұлы – медицина ғылымдарының кандидаты, Денсаулық сақтау ісінің біліктілігі жоғары санаттағы ұйымдастырушысы, Халықаралық қоғамдық денсаулық сақтау Институтының (Нұр-Сұлтан қ.) профессоры, сонымен қатар магистрлік және PHD-докторлық диссертация қорғау жөніндегі Ғылыми кеңесінің мүшесі, Халықаралық қоғамдық денсаулық сақтау Университетінің (Прага қ., Чехия) еңбек сіңірген профессоры, Жоғары мектеп ұстаздары Европалық Қоғамының құрметті мүшесі, «Ұлттық медицина ассоциациясы» Республикалық Қоғамдық Бірлестігінің Бас хатшысы, осы Ассоциацияның Құрметті мүшесі, Түркістан облысы Сарыағаш ауданының және Тәуелсіз мемлекеттердің Евразиялық Одағының Құрметті азаматы, «Алтын дәрігер», ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, ҚР Денсаулық сақтау ісіне қосқан зор үлесі үшін медалінің иегері, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің еңбек ардагері, Қазақстан радиобиологтары Қоғамының мүшесі, Астана медицина университеті Радиобиология және радиациялық қорғау институтының Бас ғылыми қызметкері.

Алматы мемлекеттік медицина институтында оқи жүріп, Дүйсебай Жаңабаев өзінің еңбек жолын 1967 жылы Алматы қаласында медаға, фельдшер болып бастап, оқуын бітірген соң - 1970-1975 жылдары Шымкент қаласында учаскелік балалар дәрігері, емхана меңгерушісі, 1975-1977 ж.ж. – Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрі жанындағы Инспекцияның дәрігер-инспекторы, 1977-1985 ж.ж. - аталған Инспекцияның бастығы, 1985-1988 ж.ж. - Алматы теміржол басқармасы Жол ауруханасының бөлімше меңгерушісі, 1988-1992 ж.ж. - Алматы облыстық ауруханасы бас дәрігерінің, онан соң Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары, ал 1992-2009 жылдары - қайтадан ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне ауыстырылып, ондағы Емдеу-профилактикалық Бас басқармасы (кейін Медициналық көмек ұйымдастыру Департаменті) бастығының орынбасары, Емдеу-профилактикалық көмек (медициналық көмек ұйымдастыру) басқармасының бастығы, ал зияткерлікке шыққаннан кейін – «Ұлттық медициналық холдингі» Бас директорының кеңесшісі, «Ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығында» аппарат жетекшісі, онан соң - Денсаулық сақтау ісін дамыту Республикалық орталығының басқарма басшысы болып қызмет атқарған. 2013 жылдан бастап университеттің Радиобиология және радиациялық қорғау институтында бөлім басшысы, онан соң - Бас ғылыми қызметкері болып белсенді жігерлілікпен еңбек етуде. Өзі жұмыс істейтін институттың жас қызметкерлерінің тәлімгері.

Дүйсебай Жаңабаев Министрліктің орталық аппаратында жұмыс істеген жылдары ҚР Үкіметі мен ҚР Парламентіне денсаулық сақтау ісі жөнінде дайындалып ұсынылған барлығы 13 заң жобаларының 11-нің үйлестірушісі, қосалқы авторы және жұмыс топтарының мүшесі ретінде белсене қатысты. Ол еліміздің денсаулық сақтау ісін дамыту жөнінде әзірленген 3 Мемлекеттік бағдарламаны дайындауға өз үлесін қосты. Осы тұста еліміздің денсаулық сақтау ісін реформалау бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін ҚР Үкіметі жанында құрылған жұмыс тобының хатшысы ретінде тиянақты және сәтті еңбегімен таныла білді, медициналық қызметті лицензиялауды жолға қойды. Арал маңайындағы тұрғындардың уақытша мәртебесі туралы Қағидалар, республиканың медицина ұйымдарының штаттық нормаларын, елімізде мемлекеттік сектормен қатар 30 пайыздан асырмай мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторын құру және дамыту жобаларын әзірлеп, жүзеге асуына және оның қалыптасуына белсенді атсалысты.

Тәуелсіз Қазақстанның қаржылық дағдарыс жағдайында қалыптасу жылдарында, Дүйсебай Жаңабаев өз лауазымы аясында республиканың денсаулық сақтау жүйесі мен құрылымын сақтап қалу үшін тиімді ұсыныстары және қажырлы еңбегімен ерекше жігерлілік танытты.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, Дүйсебай Жаңабайұлының жетекшілігімен және тікелей араласуымен бұрынғы КСРО ДСМ-нің 300-ден астам бұйрықтары қайта қаралып, еліміздің халқына медициналық көмек ұйымдастыру және көрсету жөніндегі ҚР ДСМ-нің отандық нормалық-құқықтық құжаттарының жобалары әзірленіп, бұйрықтарымен бекітілді. Осы орайда ауылдық денсаулық сақтауды дамытуға, әрбір елді мекенде медициналық құрылым (медбике, ФП, ФАП, АДА, АУА) болуына ерекше назар аударылды және оның жүзеге асуы кезеңінде ерен еңбегімен ерекшеленді.

Радиобиология және радиациялық қорғау институтында жұмыс істеген кезінде уран және мұнайгаз өндірісі жұмысшыларының өндірістік-шартты аурушаңдығының алдын-алу, ерте айқындау, эпидемиологиясы мен оны төмендету жөніндегі түйінді мәселелермен табанды айналысу да өз нәтижелерін берді.

Тәуелсіз еліміздің 30 жылдық тарихи дамуы жылдарында экономикалық қиындықтарға және қымбаттылығына байланысты денсаулық сақтау мекемелері қол жеткізе алмай жүрген әлеуметтік өте қажет лабораториялық құрал-жабдықтың республика бойынша орталықтандырылған қызмет жасауы үшін Институтқа алынуына жігерлі күш сала әрекеттенуі арқасында 2018 жылы уран өндіруші және өңдеуші кәсіпорындардың жұмысшыларының несебіндегі уран мөлшері алғаш рет тексеріле бастады. Бұл өндірістік-шартты аурушаңдықтың және кәсіби аурудың алдын-алуға және аурудың ерте айқындалып, сапалы емделуіне, тез жазылып шығып, еңбек ресурстарын сақтауға тиімді септігін тигізетін баға жетпес іс-шара екендігі сөзсіз.

Министрлікте жұмыс істеген жылдары және зейнеткерлікке шыққаннан кейін де көптеген маңызды республикалық және халықаралық іс-шараларды дайындау мен өткізуге ұйымдастырушы ретінде, ал 1993-2018 жылдары Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымы мен ЮНИСЕФ-тің Медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі Алматы Декларациясының әр 5 жыл сайын аталып өтетін мерейтойлық глобалдық Конференцияларын дайындау және оны өткізу бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Штабының 6 мәрте қатарынан үздіксіз басшысы болып еліміздің халықаралық абыройының арта түсуіне белсенді үлес қосты.

Дүйсебай Жаңабайұлының Қазақстан, бұрынғы КСРО және алыс-жақын шет елдік әртүрлі журналдары мен басылымдарында әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтауды ұйымдастыру, терапия, жалпы дәрігерлік тәжірибе, профпатология, гастроэнтерология, ауылдық денсаулық сақтау ісі және уран өндірісі мекемелерінде жұмыс істейтіндер мен оған жақын тұратын халықтың радиациялық қауіпсіздігін медициналық қамтамасыз ету мәселелері бойынша 170-тен астам ғылыми мақалалары жарық көрді; әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтауды ұйымдастыру бойынша 70-тен астам лекциялар дайындалып, студенттерге, дәрігерлерге, әкімдерге және басқа да тыңдармандарына дәрістер оқыды; денсаулық сақтау мәселелері бойынша 20-дан астам әдістемелік ұсынымдар, сонымен бірге біліктілігін жоғарылату циклдарында оқитын дәрігер курсанттар үшін оқулық құралы дайындалып шығарылды.

2013 жылдан бастап уран және мұнайгаз өндірісінде жұмыс істейтін жұмысшылардың радиациялық қауіпсіздігін медициналық қамтамасыз ету мәселелері бойынша онға жуық әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, денсаулық сақтау саласы тәжірибесіне енгізілді. Қазақстан Республикасының уран өндірісінде жұмыс істейтін жұмысшылардың радиациялық қауіпсіздігін медициналық қамтамасыз етудің бірыңғай жүйесінің модулі және радиациялық-қауіпті кәсіпорындар жұмысшыларының Салалық радиациялық-эпидемиологиялық Тіркемесі әзірленді. Осы мәселелер бойынша ҚР Әділет министрлігінің авторлық құқықты мемлекеттік тіркеу туралы 7 Куәлігі алынды.

Жаңабаев Дүйсебай ҚР Денсаулық сақтау министрлерінің көптеген алғыс хаттары және Құрмет грамоталарымен, ең жоғары төс белгі-медальдарымен, бірқатар мемлекеттік және басқа да медальдармен, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымы мен ЮНИСЕФ-тің Медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі Алматы Декларациясының 40 жылдығы құрметіне арналған мерейтойлық естелік медалімен, Қазақстан Республикасы Ұлттық медицина Ассоциациясының «Адамдардың өмірін сақтап қалуға және Денсаулық сақтау ісіне қосқан зор үлесі үшін» орденімен марапатталған. Оның аты ҚР ДСМ-нің, Қазақстан «Ұлттық медицина Ассоциациясының» «Алтын Дәрігер» және «Астана қаласының ізашарлары» Алтын кітаптарына енгізілген.

Отбасы Жаңабаев Дүйсебай мен жоғары біліктілік санаттағы дәрігер-офтальмолог-микрохирург болып халыққа жарты ғасырдан аса қызмет жасап жүрген жұбайы – отанасы Патима Ниятбекқызы екеуі 3 ұл (инженер, юрист, дәрігер) тәрбиелеп өсірді, 3 келіндері мен 1 немере келіні және 10 немерелері бар. Отбасы мүшелерінің бесеуі – дәрігерлер, ал үлкен немересі Әділхан Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданында аға прокурор болып жұмыс істеп, 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Академияның магистратурасына түсті, Оралдың тумасы Мадинаға үйленіп, отбасын құрды. Немере қыздары Медина 2020 жылы Қытай Халық Республикасында Университет бітірген соң елге оралып, Алматы қаласында мамандығы бойынша қызметте, Нұрайым – Нұр-Султан қаласындағы Ұлттық Өнер Академиясының студенті, егіз немерелері Ертай мен Нұртай – биыл мектеп бітіріп аттестатын алды, Нұрасыл – 8, Әделия – 7, Әлімхан – 3 сыныпқа өтті.

Институт ұжымы Дүйсебай Жаңабайұлын 75 жылдық мерейжасымен құттықтай отырып, денсаулығының зор болуына, еліміздің денсаулық сақтау саласындағы ғылыми жұмыстарында әлі де үлкен жетістіктерге жете беруіне, немерелерінің қызығын көруіне, олардың да атасы сияқты абыройлы болуына шын жүректен тілектестігін білдіреді!

unnamed.png

Возврат к списку